Жаңалықтар

СӘТБАЕВТА 30 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

СӘТБАЕВТА 30 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Бүгін Сәтбаев қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттері табысталды. Бес қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне беріліп, көп жылдан күткен тұрғындар қоныс тойын тойлады.

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Облыс құрылған уақыттан бері 365 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл тағы 100 мың шаршы метрге жуық баспана құрылысы аяқталмақ. Бұл 800-ден астам отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жаңа пәтер иелерін облыс әкімі Дастан Рыспеков құттықтап, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын айтты.

Сәтбаев қаласындағы 30 пәтерлі тұрғын үйді сатып алуға 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жалпы аумағы шамамен 2 мың шаршы метр болатын баспанада бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер орналасқан. Барлығы толық әрленіп, қоныстануға дайын күйде тапсырылды.Жылдар бойы кезек күткен тұрғындар мемлекет қолдауына ерекше ризашылық білдірді.

Аймақта алдағы уақытта да тұрғын үй қорын жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік нысандар салу да кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты