Жаңалықтар

ШЫРАЙЛЫ МЕКЕН – ШЕҢБЕРІМ!

ШЫРАЙЛЫ МЕКЕН – ШЕҢБЕРІМ!

Диткор каддра: «Шырайлы мекен – Шеңберім!» Осындай атаумен Ұлытау ауданына қарасты Қорғасын селолық округінде дәстүрге айналған дүбірлі дода өтті.

Шіліңгір шілде айы – Шежірелі Шеңбер даласында думанмен басталды. Аталған додаға әрісі - Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарынан, берісі Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облысының қала-аудандарынан келген меймандар мен ұлттық спорттың жанкүйерлері жиналды. Ауыл азаматтары бірлесе өткізген шараға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков арнайы қатысты. Айтулы дүбір – Шеңберден шыққан айтыс өнерінің ақтаңгерінің алғысөзімен ашылды.

Жиналғандар түске дейін: қол күресі, арқан тартыс, қошқар көтеру, таяқ тарту сынды ойындарды тамашалады. Ал, түстен кейін тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктердің шабысына куә болды.

Құлағын қайшылап тұрған қазанаттар мен қазанаттардың құлағында ойнайтын азаматтар үшін мұндай дода үлкен мереке десек те болады. Тай жарысы 3 шақырымдық бір айналым, құнан жарысы 3 айналым, ал, аламан 6 айналымды құрады. Бұдан бөлек, ауылда ат спортын дамыту мақсатында Шеңбердің қазақы тұқым тұлпарлары арасында тоқ бәйге ұйымдастырылды. Тай жарысының бәйгесі – 1 тай болса, құнан және тоқ бәйге жеңімпаздары заманауи үлгідегі жаңа мотоциклді тізгіндеді. Аламанның бас жүлдесіне – 1 млн теңге қаржылай сыйақы табысталды.

Дүбірлі дода – түтіні түзу, тірлігі қызу ауылдың ерен үлгісін көрсете білді. Бұл - шаруасы шалқыған шеңберліктердің шаттықты шақтағы іс шарасынан кейінгі көптің пікірі!

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты