Жаңалықтар

«СӨЗДЕР – СЫР ШЕРТЕДІ»

«СӨЗДЕР – СЫР ШЕРТЕДІ»

Жезқазғанда орыс тілінде білім алатын 8–10 сынып оқушылары арасында «Сөздер сыр шертеді» атты қалалық зияткерлік ойын өтті. «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» жобасы аясында ұйымдастырылған білім бәйгесіне облыс орталығындағы 6 оқу ордасынан команда қатысты. Онда - Оқушылар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетіп, сөздік қоры мен ой ұшқырлығын сынға салды. Іс шараны Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

Сайыс төрт кезең бойынша өрбіді. Алғашқы айналымда қатысушылар өз командаларын таныстырса, келесі кезеңдерде мақал-мәтелдерге қатысты тапсырмаларды орындап, берілген сөздерден сөйлем құрастырды. Сондай-ақ қазақ тілін дамыту тақырыбында ой бөлісті. Ойын барысында оқушылардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуіне, өз пікірін жүйелі жеткізуіне және шығармашылық қабілетіне басымдық берілді. Қатысушылардың өнерін тіл мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады.

«Бұл байқаудың ерекшелігі – бұл орыс сыныптар арасында ұйымдастырылып отыр. Сол қуантады. Оқушылардың да талпынысы өте жоғары. Бұрынғы орыс сыныптарға қарағанда, қазір балалар қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді»

— Алмагүл Кабиденова, – қазылар алқасының мүшесі

Тартысты өткен білім сайысында №13 жалпы білім беретін мектептің «Тіл тарландары» командасы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар диплом, кубок, планшет және 70 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші орын №22 мектептің «Сана серпіні» тобына бұйырса, үшінші сатыға №26 гимназияның «Тұмар» командасы көтерілді. Қалған үш командаға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шара оқушылардың қазақша сөйлеуге деген ынтасын арттыруды көздеді. Сайыс соңында командаларды дайындаған жетекшілер де алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты