Жаңалықтар

СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТУДА

СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТУДА

Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жезқазған университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат тараптар арасындағы өзара байланысты нығайтып, дене шынықтыру және спорт саласына қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған.

Меморандумға қол қою рәсіміне университет басшылығы, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары, оқытушылар құрамы және өңірдің спорттық өміріне белсене қатысып жүрген студент-спортшылар қатысты. Шара барысында қатысушылар бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, дарынды жастарды қолдау, бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау қажеттігін жеткізді.

Қазіргі таңда Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 147 студент білім алуда. Оның 62-сі мемлекеттік грант негізінде оқиды. Қол қойылған меморандум аясында бірлескен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу, студенттердің тәжірибелік даярлығын жетілдіру, сала мамандарының біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ жас спортшылар мен жаттықтырушылардың кәсіби өсуіне жағдай жасау көзделген.

«Бұл меморандум теория мен практиканы ұштастырып, спорт және дене шынықтыру саласындағы мекемелерге қажет білікті мамандарды сапалы даярлауға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл біздің спорт орталықтары үшін де маңызды»

— Әбділмәлік Такишев, Ө.А.Байқоңыров атындағы ЖезУ ректоры

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты