Жаңалықтар

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СУ ҚОЙМАЛАРЫ БАҚЫЛАУДА

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СУ ҚОЙМАЛАРЫ БАҚЫЛАУДА

Елімізде су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 2025 жылдан бері Ұлытау облысында Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Ұлытау» филиалы жұмыс істейді. Кәсіпорын су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етіп, гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау, жаңғырту және халық пен экономиканың негізгі салаларын тұрақты сумен қамту бағытында жұмыс жүргізуде.

Бүгінде филиал облыстағы стратегиялық маңызы бар үш ірі су қоймасы – Кеңгір, Жезді және Ақтасты нысандарына қызмет көрсетеді. Мамандар олардың жай-күйін тәулік бойы бақылап, жоспарлы жөндеу және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Бұл нысандар Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын, өнеркәсіп кәсіпорындарын және өзге де су тұтынушыларды тұрақты сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Су инфрақұрылымын жаңғырту аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. 2026 жылы үш су қоймасына кешенді техникалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Ал қазір Кеңгір су қоймасында гидротехникалық құрылыстардың жекелеген бөліктерін тазалау және құрғату бағытындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған 140 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қазіргі таңда Кеңгір су қоймасы 92 пайызға, Жезді су қоймасы 88 пайызға, ал Ақтасты су қоймасы 27 пайызға толған. Бұл көрсеткіштер қолданыстағы пайдалану режиміне сәйкес келеді. Сонымен қатар салаға білікті жас мамандарды тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Жүзеге асырылып жатқан жұмыстар гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттырып, су ресурстарын тиімді басқаруға және өңірдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік бермек. АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, АЛИХАН МҰХТАР «ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты