Жаңалықтар

СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК

СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК

Жазғы демалыс маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті. Осыған байланысты Ұлытау облысы Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық іс-шараларды күшейтті. Негізгі мақсат - жазатайым оқиғалардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

Жыл басынан бері өңірде суға кетудің төрт дерегі тіркелген. Оның екеуі - кәмелетке толмағандар. Қайғылы оқиғалардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген орындарда болған. Мамандар қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеудің соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

Құқық қорғау органдары төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп су айдындарында тұрақты рейдтер өткізуде. Іс шара барысында демалушыларға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылады. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде.

Мамандардың ескертуін тұрғындар да қолдайды. Олардың пікірінше, судағы қауіпсіздік ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты.

«Балаларымыз да, өзіміз де суға түсіп, жаздың қызығын қауіпсіз өткізгенімізді қалаймын. Жазды сусыз елестету мүмкін емес. Бассейн болсын, басқа орын болсын – ең бастысы, қауіпсіздік сақталуы керек. Соңғы уақытта суға кету оқиғалары жиілеп кетті. Жақында үш адам, артынша тағы бір адам көз жұмды. Сондықтан бәріміз сақ болып, деніміз сау, аман-есен жүрейік»

— Жансұлу Омарова, қала тұрғыны

Айта кету керек, жыл басынан бері қауіпсіздік талаптарын бұзған 30 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мамандар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған орындарда шомылып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты