Жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Аймақ басшысы Дастан Рыспеков жұмыс сапарымен Ұлытау ауданы мен оған қарасты ауылдарда болып, көктемгі су тасқынына дайындық барысын тексерді.

Әкім барған алғашқы елдімекен- Жезді кенті. Естеріңізде болса, 2024 жылы кентті су алып, бірнеше үйді су басқан еді. Ондағы су басып қалған көпір бүгінде жөндеуден өткен. Облыс әкімі, жағдайды бағамдап, алдын алу шараларын дер кезінде жүргізіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет деді. Одан әрі аймақ басшысы бастаған топ Ақтас кентіне қарасты Пионер елді мекеніндегі Пионер су бөгетінің жай күйін қарады. Қаракеңгір және Малшыбай ауылдарында да болып, су басу қауіпі бар жағалауды көрді. Жалпы, облыс аумағында су басу қаупі бар 27 елді мекен анықталған. Ол жерлерде үш мыңға жуық адам тұрады. Қазір аймақта көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстары күшейтілді. Арнайы штаб құрылған. Төтеншеліктер жергілікті атқарушы органмен бірлесіп арық-атыздарды тазалап, инертті материалдар мен техникалық құралдардың қорын жасақтап қойған. Аталған елдімекендерден 52 мың текше метр қар шығарылды. Жалпы, өңірде биыл қар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда аз. Ал, жердегі тоңның қалыңдығы шамамен 1 метрге жуық.

«Синоптиктердің болжамы бойынша өңірде наурыздың соңына дейін күннің күрт жылынуы болмайды. Қар күндіз еріп, түнде қатады. Әрине, бұл босаңсуға негіз емес. Сондықтан, тасқынға қарсы жұмыстар ретімен орындалады. Қазір өңірдегі ең үлкен Кеңгір су қоймасында 267 млн текше метр су бар. Оның сыйымдылығы 319 млн текше метр. Қар еріген кезде шамамен 50-60 млн текше метр су келеді деп болжап отырмыз»

— Шыңғыс Сәмиев, ТЖД бастығының орынбасары

Су басу қаупі бар аймақтарды аралаған облыс әкімі су өткізу арналары мен бөгеттерді тазалау жұмыстарын жеделдетуді, ықтимал қауіп аймақтарында кезекшілікті күшейтуді тапсырды. Пионер ауылындағы мектептің жағдайын да бақылап, білім ошағын күтіп ұстау, ғимараттың қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты