СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Жазғы шомылу маусымы басталысымен су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Себебі дәл осы кезеңде өзен-көлдер мен су қоймаларына келушілер саны бірнеше есе артады. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау - адам өмірін сақтаудың басты кепілі.
Өңірде бұл бағыттағы алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Құтқарушылар күн сайын Кеңгір су қоймасының жағалауын аралап, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Әсіресе халық көп жиналатын жағажайлар мен балалар демалатын аумақтар жіті бақылауда. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде шомылу маусымы басталғалы өңірдегі су айдындарында бірде-бір жазатайым оқиға тіркелмеген.
Дегенмен, алаңдататын тағы бір мәселе бар. Соңғы уақытта су айдындарында орнатылған ескерту белгілерін әдейі бүлдіру, сыртын бояп кету, жұлып алу немесе жою деректері жиілеген. Ал мұндай жауапсыз әрекеттер қауіпті аумақтар туралы маңызды ақпараттың жойылуына себеп болып, адам өміріне зор қауіп төндіреді.
Мамандар су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін айтады. Сондықтан демалыс кезінде қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау маңызды. Ал төтенше жағдай орын алса, 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


