СУҒА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Ұлытау облысында 2026 жылғы суға шомылу маусымы қорытындыланды. Өңір тұрғындарының судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі брифингте айтылды. Мамандар шомылуға рұқсат етілген орындар, қауіпсіздік талаптарын сақтау және профилактикалық шаралардың нәтижелері жөнінде баяндады. Сонымен қатар, алдағы уақытта су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар да сөз болды.
«Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 4 орын белгіленіп, тиісті тәртіппен бекітілді. Аталған орындардың барлығы Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағалауында орналасқан. Шомылуға рұқсат етілген орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағажайлардың тиісті инфрақұрылыммен жабдықталуы, құтқару құралдарымен қамтамасыз етілуі және қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша бақылау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 39 орын белгіленді. Аталған қауіпті учаскелерге азаматтарға ескерту мақсатында барлығы 107 қауіпсіздік белгісі орнатылды. Су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың белгіленбеген орындарда шомылуының алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды»
— Мұрат Қарақойшы, Ұлытау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының м.а., а.қ. капитаны
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


