Жаңалықтар

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

Сыңғырла, соңғы қоңырау! Бүгін өңір мектептерінде «Білімім Отаныма» атты соңғы қоңырау салтанаттары өтті. Ұлытау облысында 6 мыңнан аса түлек мектеп қабырғасынан қанат қақты.

Бұл - Жезқазған қаласындағы №3 ші жалпы білім беретін мектебі. Оқу ордасын биыл 41 оқушы тәмәмдауда. Олардың төртеуі «Алтын белгіге», тағы төртеуі үздік аттестатқа үміткерлер қатарында. Салтанатты шараға арнайы қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков түлектерге сәт сапар тілеп, жас ұрпақтың алдында үлкен мүмкіндіктер тұрғанын атап өтті.

Салтанатты кеште мектеп жетістіктері де айтылды. Оқушылардың білім, спорт және шығармашылықтағы табыстары - ұстаз еңбегінің жемісі. Мектеп директоры түлектердің жоғары дайындық деңгейіне айрықша тоқталып, шәкірт тәрбиесіне үлес қосқан ата-аналар мен әріптестеріне алғысын білдірді.

Қоштасу кешінде ата-аналардың толқынысы ерекше сезілді. Ал түлектер үшін бұл күн – жаңа өмірге жолдама сыйлаған жарқын естелікке толы күн!

Соңғы қоңыраудың сәні мен салтанаты №8 гимназияда да айқын сезілді. Білімнің бәйтерегіне баланатын оқу ордасынан 72 түлек, яғни 72 арман қанат қақты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев жас буынға үлкен сенім артылып отырғанын айтып, туған елдің дамуына үлес қосатын азамат болуға үндеді.

Мерекелік шара барысында мектеп ауласындағы сахна – терең толқыныстың алаңына айналды. Таудай талабы бар балаларына ата-аналары ақ баталарын берді.

Кештің шарықтау шегі - мектеп кілті мен жеңіс кубогын - кейінгі буынға табыстау рәсімі болды. Бұл - ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапқан сәт...

Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде де соңғы қоңырау үні ерекше тебіреніспен естілді. Академиктің атын алған білім шаңырағын 77 түлек тәмәмдауда. Олардың арасында 4 «Алтын белгі» иегері мен 7 қызыл аттестат үміткері бар. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев білімді жастар ел болашағының тірегі екенін атап өтті.

Биыл мектеп-лицей үшін табысты жыл болды. Оқушылар халықаралық олимпиадалар мен республикалық білім бәйгелерінде жоғары нәтиже көрсетіп, ғылыми жобаларда үздіктер қатарынан көрінген.

Мерекелік шарада ата-аналардың қуанышы мен тебіренісі қатар сезілді. Ал, Түлектер - мектептен алған білім мен тәрбиенің алдағы өмірлеріне берік негіз боларына сенімді.

Осылайша, өңір мектептерінде сыңғырлаған соңғы қоңырау мыңдаған жас түлекке жаңа өмірдің есігін ашты. Айта кетейік, 6 мыңнан аса түлектің -400 і үздік аттестатқа, 98 і «Алтын белгіге» үміткерлер.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты