Жаңалықтар

ТАБИҒИ БАЙЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ БАСТЫ МІНДЕТ

ТАБИҒИ БАЙЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ   БАСТЫ МІНДЕТ

Су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру - Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта Жезқазған музыкалық колледжінде студенттерге су қорын сақтау мен оны үнемдеудің маңызын түсіндіруге арналған танымдық экосағат өтті.

Кездесу барысында колледж оқытушылары студенттерге тақырыптық дәрістер оқыды. Онда судың адам өміріндегі маңызы, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтаудағы орны және су тапшылығының туындау себептері түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға су саласындағы өзекті мәселелер мен оны шешудің негізгі бағыттары таныстырылды.

Экосағат барысында табиғи ресурстарды қорғауда әр адамның жауапкершілігіне де назар аударылды. Оқытушылар қоршаған ортаға жанашырлық таныту, күнделікті тұрмыста ұқыптылық сақтау және табиғи байлықты бағалау мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Мұндай танымдық кездесулер жастардың экологиялық сауатын арттырып, табиғатқа деген жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді. Ал су қорын сақтау - бүгінгі ұрпақтың келешек алдындағы маңызды міндеті.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты