Жаңалықтар

ТАУАРЛАРДЫ ТАҢБАЛАУ ТӘРТІБІ

ТАУАРЛАРДЫ ТАҢБАЛАУ ТӘРТІБІ

Заңды сауданы қамтамасыз етіп, көлеңкелі айналымның жолын кесуге бағытталған аяқ киім тауарларын міндетті таңбалау жүйесі елімізде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге қолданыстағы талаптарды қатаң сақтауды ескертеді.

Аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау 2021 жылдың 1 қарашасында енгізілді. Ал биылғы 21 ақпаннан бастап таңбалау мен қадағалау функциялары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қарауына өтті. Бүгінде аяқ киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлер Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркелуі тиіс.

Жүйенің тағы бір талабы - аяқ киім сатылған сәтте әр өнімнің таңбалау кодын міндетті түрде сканерлеу. Осыдан кейін бақылау-кассалық машина таңбалау коды көрсетілген фискалдық чекті қалыптастырады.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, таңбаланбаған аяқ киім өнімдерін өткізу заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай құқық бұзушылық алғаш рет анықталса, кәсіпкерге ескерту беріледі. Ал талап бір жыл ішінде қайта бұзылған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 284-бабына сәйкес айыппұл салынады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты