«ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ – 2026» ГРАНТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Жезқазғанда Республика күні қарсаңында «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2026» грантының жеңімпаздары анықталды. Биыл 15 жас кәсіпкерге жалпы сомасы 25 миллион теңгенің сертификаттары табысталды. Бұл – жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған қала әкімінің дәстүрлі гранты.
Салтанатты шара мерекелік бағдарламамен басталды. Жиналғандарды қала әкімі Мұрат Бөрібаев арнайы құттықтап, жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Бұған дейін байқауға қатысушылар өз жобаларын арнайы комиссия алдында қорғаған еді. Үздіктерге қаржылай қолдау көрсетіліп, 1 миллионнан 2,5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант берілді.
«Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды үнемі қолдап келеді. Еңбек етемін, жұмыс істеймін, кәсіп бастаймын деген жастарды мемлекет үнемі қолдау береді. Сол бастама аясында Жезқазған қаласында дәстүрлі «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жылдан жылға үлкен іс шара болып өтіп келе жатыр. Биылғы жылда да біраз жобалар болды, комиссия мүшелері қарастырды, бұл жобалар қаламыздың дамуына ерекше үлес қосатын жобалар. Ары қарай да жалғасын табады деген үміттемін»
— Мұрат Бөрібаев, Жезқазған қаласының әкімі
Жеңімпаздардың жобалары білім беру, спорт, шығармашылық, қызмет көрсету және өндіріс салаларын қамтиды. Олардың қатарында робототехника үйірмесін ашу, кондитерлік өндірісті дамыту, автокөлік сервисін кеңейту және резеңке қалдықтарын қайта өңдеу бастамалары бар. Әр жоба қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған.
«Менің кәсібім – САЗ АКАДЕМИ замануи өнер орталығы. Бүгінгі тәуелсіздік ұрпақтары грантын жеңіп алдым. Жезқазған қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Менің жұмыс істеп тұрған кәсібімді кеңейтуге қолдау білдіргендеріне алғысымды білдіремін»
— Салтанат Арынова, грант иегері
«Тәуелсіздік ұрпақтары атты грантты естіп, соған өтінім бердім. Дзюдо саласында бапкер болып жұмыс жасаймын. Осы салада жұмыс жасағаннан кейін осы қала әкімінің грантына қатысып, 2,5 млн ұтқан жайымыз бар. Ұйымдастырушыларға, қала әкімдігіне жастарды қолдаулары үшін үлкен рақмет айтамын»
— Елдос Қайсар, грант иегері
Қаржылай қолдау жастардың өз кәсібін дамытып, тың идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік бермек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


