ТАЗА ӨЛКЕ – ТАЗА ЖЕР

«Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс орталығында белсенді жастар мен эковолонтерлер «Ғарышты бағындырушылар» монументі маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Тазалық шарасы «Таза өлке - таза жер» бастамасы аясында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты - экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және тұрғындарды туған жерді көркейту жұмыстарына кеңінен тарту. Бүгін қала тазалығына бейжай қарамайтын жастар мен еріктілер ортақ іске жұмылып, көшелер мен іргелес аумақтарды қоқыстан тазартты.
Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарына сәйкес өңірде жалпы саны 43 іс-шара қарастырылған.Ал 2025 жылға жоспарланған 34 іс-шараның 32-сі толық орындалып, 2 жоба өтпелі негізде жалғасуда. Өткен жылы өңірде 13 облыстық және 17 қалалық сенбілік ұйымдастырылып, «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты түрде өткізілді. Жалпы абаттандыру жұмыстарына 87 мыңға жуық адам қатысып, 1423 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған.
Бұдан бөлек, облыста «Таза жағалау», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Туған жер - алтын бесігім», «Жер сағаты», «Таза қала» және «Үлгілі ауыл» сынды экологиялық бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.Сонымен қатар, өңірде «ProEko» экологиялық жобалар байқауы мен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар және натуралистер форумы да өткізілді. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес өңірде 34 іс-шара өткізу көзделген. Бүгінгі күнге дейін оның 3-еуі жүзеге асырылған.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


