«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ

20 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күніне орай Ұлытау облысында экологиялық акция өтті. Экологиялық бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.
Бұл жолғы Сенбілік - Жезқазған – Қарағанды автожолының бойында ұйымдастырылды. Экологиялық акцияға облыстық басқармалар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері, еңбек ұжымдары, волонтерлер, қоғамдық ұйым мүшелері және қоршаған орта тазалығына бейжай қарамайтын белсенді тұрғындар қатысты.
«Әр сенбілік сайын таңертең жұмысшыларымызбен бірге қала тазалығына атсалысып, Жезқазған қаласын абаттандыруға бағытталған әкімдік бастамаларын қолдап келеміз. Бұл – барша қала тұрғындары үшін маңызды әрі пайдалы іс деп есептейміз. «Халық» Банкі ретінде қаламыздың көркеюіне бағытталған осындай игі бастамаларды әрдайым қолдауға дайынбыз»
— Берік Назымбек, «HALYK BANK» АҚ қызметкері
Сенбілік аясында Ұлытау облысы прокуратурасының «Бір дән – бір ағаш – бір болашақ» экологиялық бастамасына да ерекше мән берілді. Акция барысында прокуратура қызметкерлері өрік дәнектерін егіп, өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, Табиғатты қорғауға бағытталған бастаманы Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де қолдап, сенбілікке атсалысты.
«Бұл акцияға қатысып, өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Облыстық прокуратура ұжымына облыс орталығына кіреберістегі, арка маңындағы аумақ бекітілді. Сенбіліктен бөлек, бұл жұмысты облыстық прокуратураның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық акциямызбен ұштастырып отырмыз. Бұл –Ұлытау облысы прокуратурасының экологиялық бастамасы. Бастаманың ұраны – «Бір тұқым – бір ағаш – бір болашақ».Осы арқылы қаламыздың, облысымыздың көгалдандырылуына өз үлесімізді қоса аламыз деп үміттенеміз. Ең басты міндетіміз – жастарға, мектеп оқушыларына, балаларға табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне әрқайсымыздың үлес қосуымыз қажет екенін түсіндіру»
— Жасұлан Еламанов, Ұлытау облысының прокуроры
Жезқазған – Қарағанды автожолы – облыстағы маңызды көлік бағыттарының бірі. Сондықтан жол бойының тазалығы аймақ тұрғындары мен осы бағытпен жүріп өтетін қонақтардың өңір туралы қалыптасатын жалпы көзқарасына да өз әсерін тигізеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


