«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕЛЕКӨПІРГЕ ҚАТЫСТЫ

Өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды іс-шара өтті. Аталған бастама республикалық деңгейде ұйымдастырылған телекөпірмен ұштастырылып, оған Мемлекет басшысы қатысты.
Телекөпірге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков облыс орталығынан тікелей қосылды. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалы өкілдері, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, волонтерлар, кәсіпорын қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты. Тікелей эфирде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бастаманың ұрпақ алдындағы маңызына тоқталып, «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары елдегі ортақ құндылықтар жүйесінің негізін құрайтынын атап өтті. Президент сондай-ақ бұл идеяларды ілгерілетуде жастардың рөлі ерекше екенін айтып, экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді.
Телекөпір аяқталғаннан кейін қатысушылар ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Жезқазған қаласындағы саябаққа 275 түп көшет отырғызылса, Жошы хан тарихи-мәдени кешені аумағына 510 түп жас ағаш егілді. Жалпы, бір күннің ішінде облыс бойынша 1550 түп жасыл желек отырғызылды.
Айта кету керек, өңірде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Жыл басынан бері 7 сенбілік ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам адам, 1551 ұйым және 416 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 2749,9 тонна қоқыс шығарылып, 700,7 гектар аумақ тазартылды. Сонымен қатар 10 894 түп ағаш отырғызылған.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


