Жаңалықтар

ТАЗА ЖАҒАЛАУ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

ТАЗА ЖАҒАЛАУ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысындағы су айдындарының жағалауларында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Негізгі мақсат - табиғи нысандардың тазалығын сақтап, жағалау аумақтарын тұрмыстық қалдықтардан арылту.

Экологиялық сенбілік Кеңгір және Жезді су қоймаларының, Пионер тоғаны мен Айнакөл су айдынының жағалауларында ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам атсалысты. Аумақтарды ретке келтіруге 15 автокөлік пен бір ауыр жүк көлігі жұмылдырылды. Қатысушылар жағалаудағы тұрмыстық және өзге де қалдықтарды жинап, жиналған қоқысты арнайы орындарға шығарды.

Сенбілікке табиғатты қорғау және су шаруашылығы саласының мамандарымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен су нысандарын пайдаланушылар да қатысты. Ортақ іске жұмылған жұрт жағалау аумақтарының тазалығын қамтамасыз етіп, табиғи нысандарды күтіп ұстауға үлес қосты.

Айта кетейік, биыл Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктерге 36 мың адам қатысқан. Бұл - қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір көрінісі.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты