ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ТӨРГЕ ОЗҒАН КҮН

5 ші қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдері күні. Сонымен қатар ұлт ұстазы, ақын, жазушы, аудармашы, әдебиетші, педагог – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Атаулы мереке аясында Жезқазғанда – «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық тіл фестивалі өтті.
Дәстүрлі тіл фестивалінде – Ұлытау облысының «Тіл жанашыры- 2026» сыйлығы табыс етілді. Мұндағы негізгі мақсат: мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген қоғам белсенділеріне, БАҚ қызметкерлері мен жалынды жастарға, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын өзге ұлт өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың еткен еңбектері мен төккен терлерін өзгеге үлгі ету. Салтанатты шара мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдиннің алғысөзімен ашылды.
Іс шара барысында комиссия шешімімен үздік деп танылғандар төрге озды. Атап айтар болсақ: өңір аумағында тіл тағдырына жауапкершілікпен қарайтын кәсіп иелеріне арналған ««Тілге жанашыр кәсіпкер» аталымы – жас кәсіпкер Айгүл Қалдыбекқызына бұйырса, мемлекеттік тілде сөйлей алатын өзге ұлт өкілдеріне арналған «Тіл шебері» номинациясы Евгений Сокольовскийға берілді. Ал, «Үздік бейнеролик» аталымына Бағлан Оразалы лайық деп танылды. «Тіл майталманы» номинациясы Ізтілеу Түсіповтың қанжығасына байланса, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы» бағытында Амангелді Бұқар оза шапты. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Сондай-ақ, фестиваль аясында өңірге қарасты қала-аудандарда өткізілген іс шаралар да қортындыланды. Бұл аталымда – «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі» үздік атанды. Т.Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филормония өнерпаздарының мерекелік концертімен түйінделді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


