Жаңалықтар

ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақтың тойы – тәрбиенің құралы, мәдениеттің көрсеткіші. Әдет-ғұрыптың, салт сананың, өнердің бағын ашатын той болған. Ал, тойдың көңілді, мазмұнды өтуі тікелей асабаға да байланысты. Өңірімізде Ұлытау облысының мәдениет басқармасының ұйымдастырумен «Той – тәрбие алаңы: асаба арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу» тақырыбында семинар өтті.

Бүгінде сөз қадірін қашырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту әдебін білмейтін тамадалар көбейіп кетті. Аға буын мен жас буынның басын қосқан бұл жиынның негізгі көтерген мәселесі де осы – той мәдениеті, асаба мәнері. Жиынға өңірдің 20-ға жуық асаба мен шоумендері қатысты. Арнайы шақырылған спикер асаба Нұрхан Нұрмаханов сауатты асаба болу үшін паразит сөздерден арылу керек дейді. Жиында тойға ұлттық реңк беру жағын ойластыру қажеттігі де айтылды.

Әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің заман өзгерісіне сай озығын алға шығарып, тозығын толықтырып, өзімізге тиімді тұстарын жетілдірсек, тәрбиелік мазмұнын мұқияттасақ қалыпқа түсіп, қажетке жарайтыны белгілі. Сонда ғана әдепсіздік пен тұрпайылық тыйылады. Той тізгінін ұстағандар түзелмей, іс бітпейді. Семинарға қатысушылардың пікірі осындай.

Жиынға жиналған зиялы қауым өкілдері қазақтың ежелден келе жатқан, жара-жар, беташар дәстүрін көлеңкеге қалдырмай, керісінше оларды қайтадан жандандырып, атадан балаға мирас етіп қалдыруды қадап айтты. Асабалардың тұрпайы әзілінен, яғни елді күлдіреміз де бүлдіріп алатын асабаларғы тыйым салы қажеттілігі де сөз болды. Жұрт қарауға ұялатын көріністерге де тоқсауыл қою қажет дейді. Дегенмен, той – қазақтың қазынасы. Ата-ана бала дүниеге келген күннен бастап, әр кезеңдегі қуанышын үлкен дүбірмен атап өтеді. Сондықтан оны орынды өткізіп, қадірін түсіну қажет. Жалпы, осындай семинардың жастарға берері мол екені анық.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты