Жаңалықтар

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЖОЮ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЖОЮ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың төрағалығымен қалалық әкімдік ғимаратында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында аталған салаға қатысты төрт өзекті мәселе қаралды.

Отырыста алдымен Жезқазған аумағындағы 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындысы тыңдалды. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, су басу қаупі бар елді мекендерде көктемгі кезең тұрақты өтіп, оқыс оқиға тіркелмеген. Жиында қала аумағындағы саяжай кооперативтеріндегі өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жағдай әлі де алаңдаушылық тудырып отыр. Өрт қауіпті кезең басталғалы бері саяжай аумақтарында 16 өрт оқиғасы тіркелген.

Келесі мәселе - шомылу маусымына дайындық жұмыстары. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында рейдтік шаралар күшейтіліп, шомылуға тыйым салынған орындарға ескерту белгілері орнатылуда. Сонымен қатар қауіпті аймақтарға бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қарастырылған. Жиында сондай-ақ Кеңгір су қоймасындағы коммуналдық жағажай құрылысы да сөз болды. Жобаға жергілікті бюджеттен 78 миллион теңге бөлінгенімен, жұмыстар қала прокурорының хатына сәйкес уақытша тоқтатылған. Қала әкімі Қайрат Шайжанов жобадағы кемшіліктерді қалыпқа келтіріп, толық аяқтау бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берілді. Жиында көтерілген барлық мәселе қала әкімінің жеке бақылауында болады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты