ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ИНВЕСТОРЛАР ТАРТЫЛМАҚ

Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы тұрғын үй қорының шамамен үштен бірі тозығы жеткен тұрғын үйлер санатына жатады. 49 үй ресми түрде апатты деп танылған. Іргетасы шөгіп, қабырғасы сөгілген ағаш үйлерде адамдар әлі тұрып жатыр. Сол себепті өңірде тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы аясында инвесторларды тарту жұмысы жалғасуда. Жезқазғанда әлеуетті серіктестермен кездесу өтті, онда тұрғын үй қорын жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта құру мәселелері талқыланды.
Реновация бағдарламасы бойынша ескі үйлерден тұрғындарды біртіндеп жаңа, заманауи баспаналарға көшіру жоспарланып отыр. Жобаны энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басқарады, ал ұйымдастырушылық функциялар «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Инвесторлармен кездесуде бағдарламаға қалай қатысуға болатыны, қандай қолдау түрлері бар екені және жобаны қалай жүзеге асыру керектігі түсіндірілді.
Шымкенттен келген инвесторлар қаладағы Абай көшесіндегі төрт үйді реновациялау жобасына қызығушылық танытып отыр. Ескі үйлерді сүруге беру тек тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылады. Коммерциялық нысан иелерінің келісімі де қажет. Әрбір пәтер иесінде таңдау бар. Олар нарықтық құнына сай ақшалай өтемақы алуды немесе «бөлме санына бөлме» қағидаты бойынша жаңа пәтерге ие бола алады. Сондай-ақ уақытша көшірудің 24 айға дейінгі нұсқасы да қарастырылып жатыр. Келісім болғаннан кейін үш жақты меморандумға қол қойылады да жоба іс жүзінде жүзезе асады.
Жалпы Жезқазғанда 23 апатты және 115 тозығы жеткен тұрғын үй бар, ал Сәтпаевта 26 апатты және 224 тозығы жеткен үй тіркелген екен. облыс бойынша тұрғын үй кезегінде шамамен 8 мың 200 адам тұр. Инвесторларды тарта отырып реновация бағдарламасын іске асыру әлеуметтік мәселені шешіп қана қоймай, құрылыс саласын жандандырып, өңір келбетін жаңартуға ықпал етеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


