Жаңалықтар

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

Жезқазғанда тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба басталды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 201,3 миллион АҚШ доллары. Ұлытау облысы үшін бұл жоба қалалық ортаны жаңарту, тұрғындардың баспана жағдайын жақсарту және Жезқазғанның одан әрі дамуына мүмкіндік беретін маңызды бастамалардың бірі.

2026–2029 жылдарға жоспарланған жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Жаңғырту аясында апатты жағдайдағы 9 екі қабатты тұрғын үйді бұзу жоспарлануда. Олардың орнына 11 қабатқа дейінгі заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтереді. Қазір жобаның алғашқы кезеңі басталды. Төрт ескі үйді бұзып, жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізу қолға алынды. Жаңа ғимараттар заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындарға жайлы әрі сапалы жағдай жасау көзделіп отыр.

«00365// басынан аяғына дейін алу керек»

— Нұртас Кәріпбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары

Жоба Жезқазғандағы тұрғын үй қорын жаңартудың маңызды кезеңдерінің біріне айналмақ. Инвестициялық жобаны шетелдік инвесторлар мен отандық компаниялар бірлесіп жүзеге асыруда.

«Бұл – Шаньси провинциясы мен Ұлытау облысының бірлесіп жүзеге асырып отырған алғашқы жобасы. Сондай-ақ, Жезқазған қаласында іске асырылып жатқан осы бағыттағы алғашқы жоба. Біз «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта да өзара тиімді әрі нәтижелі жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін»

— Го Вэнь, «Silk Road Yuntuo (Xi’an) Commercial Service Co. LTD» компаниясының бас директоры

Жобаның негізгі қағидаларының бірі – тұрғындардың мүддесін ескеру. Бұзылған үйлердің барлық тұрғындары жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтермен қамтамасыз етіледі. Осылайша, жоба ескі тұрғын үй қорын жаңартып қана қоймай, тұрғындарға заманауи әрі жайлы баспана ұсынуға мүмкіндік береді.

«Облыс басшылығының қолдауымен «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылып, қаламызда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы іске қосылды. Біз, тұрғындар, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына барып, біздің аумақтағы үйлердің жағдайын айтып, көмек сұрадық. Өйткені үйлеріміздің жағдайы өте ауыр, апатты жағдайда тұр. Тұрғындардың жартысы бұл үйлерден көшірілді, қалғандары әлі де осында тұрып жатыр»

— Надежда Дробот, қала тұрғыны

«Бұл үйлер 1954-1955 жылдары уақытша баспана ретінде салынған еді. Алайда уақыт өте келе олар әлі күнге дейін пайдаланылып келеді. Енді бізге көмектесуге ниет білдіріп отыр. Осы үшін облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Әрине, бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Сондай-ақ «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бізге келген шетелдік құрылыс компанияларына да ризашылығымызды білдіреміз»

— Татьяна Цой, қала тұрғыны

Инвестициялық жобаның іске асуы шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықтың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бұл Жезқазғанның тұрғын үй қорын жаңартып, қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты