ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҰЛЫҚТАЛДЫ

Облыс орталығында - Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне арналып, аталған ұлттық ойыннан қалалық жарыс өтті. Дода - білімнің бәйтерегіне баланатын №8 гимназияның 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Ұлттық ойынды дәріптеп, жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамыту – жарыстың негізгі мақсаты. Сайысқа қалалық білім бөліміне қарасты мектептердің 9–11 сынып оқушылары қатысып, алты команда бақ сынады. Тоғызқұмалақтың қыр-сырын меңгерген қатысушылар тақта басында ой ұшқырлығы мен шеберліктерін көрсетті. Шараға мектеп түлектері мен қоғам белсенділері де қатысып, ұлттық ойынға қолдау білдірді.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында үздіктер анықталды. Бірінші орынды «Шабыт» балалар шығармашылық орталығы иеленіп, 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орын №8 мектеп-гимназиясына, үшінші орын №10 жалпы білім беретін мектепке бұйырды.
Қалалық кезеңде топ жарған «Шабыт» командасы облыстық додаға жолдама алды. Ұлттық ойынды ұлықтаған жарыс жасөспірімдердің шеберлігін шыңдап, тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


