ҰЛЫТАУ АУДАНЫНДА ЖАҢА ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ПУНКТ АШЫЛДЫ

Ұлытау ауданында Ветеринария күні қарсаңында заманауи модульдік ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Жаңа нысан көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, жануарлар ауруларының алдын алу жұмыстарын күшейтуге және өңірдегі тұрақты эпизоотиялық ахуалды сақтауға жол ашады. Салтанатты рәсімде сала ардагерлері мен ветеринарияның дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға да құрмет көрсетілді.
Нысан Қазақстан Республикасының 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамыту жоспары аясында бой көтерді. Бүгінде Ұлытау облысында жалпы құны 570 миллион теңгені құрайтын осындай 22 модульдік пункт ел игілігіне берілген. Аумағы 600 шаршы метр болатын ғимаратта жануарларды вакцинациялау мен емдеуге, биоматериалдарды уақытша сақтауға және оларды зертханаға жөнелтуге қажетті барлық жағдай жасалған.
Ұлытау ауданында бүгінде 5 мыңнан астам ірі қара, 6 мыңнан астам ұсақ мал және 4 мыңға жуық жылқы есепке алынған. Жаңа ветеринариялық пункт бес маманды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Мерекелік жиында ветеринария саласының ардагерлері мен көп жылдық еңбегімен ерекшеленген мамандар марапатталды. Солардың қатарында Мибұлақ ауылдық округінің ветеринар дәрігері Ғабит Аққошқаров та бар. Ветеринария саласында 45 жылдан астам еңбек еткен маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Заманауи ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту - мал шаруашылығының қауіпсіз әрі тұрақты дамуының маңызды тетігі. Мұндай нысандар көрсетілетін қызметтің тиімділігін арттырып, жануарлар саулығын қорғауға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


