«ҰЛЫТАУ БАСПАНА» ИПОТЕКАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Өңірде баспанаға қолжетімділікті арттыру мақсатында «Ұлытау баспана» атты жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылады. Бүгін облыс әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банк» 2027-2029 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Келісімге сәйкес, тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруға жыл сайын 3 миллиард теңге бөлінеді. Оның 2,5 миллиард теңгесі «Отбасы банк» есебінен, ал 500 миллион теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылады. Қаражат өңір тұрғындарына баспананы жеңілдетілген шарттармен сатып алуға бағытталған.
Бағдарлама аясында бастапқы жарна 10 пайыздан басталып, несие 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2–5,3 пайызды құрайды. Бұл талаптар тұрғын үй сатып алуды жоспарлап жүрген жандарға қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, баспана алуына жол ашады.
Жаңа бастама - өңірдегі тұрғын үй мәселесін оңтайландыруды көздеген жұмыстың жалғасы болмақ. Бұған дейін жүзеге асқан «Ұлытау жастары» және «Сәтбаев жұмыскер» бағдарламалары да осы мақсатта қызмет көрсеткен. АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ «ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


