«ҰЛЫТАУ МЕЙІРІМ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ІІ ОБЛЫСТЫҚ ИНКЛЮЗИВТІ ФЕСТИВАЛІ

Өңірде «ҰЛЫТАУ МЕЙІРІМ» қоғамдық қорының 2-ші облыстық инклюзивті фестивалі өтті. Екі күнге жоспарланған шараға облыстың әр өңірінен 120 бала қатысты.
Фестивальдің басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға белсенді араласуына мүмкіндік жасап, олардың қабілетін дамытуға қолдау көрсету. Шараға балалармен қатар ата-аналар, волонтерлер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жиындар балалардың ортаға беймделуіне ғана емес, жаңа достар табуына да жол ашады.
Фестивальдің алғашқы күні спорттық жарыстарға арналды. Қатысушылар өз мүмкіндіктеріне қарай спорт түрін таңдап, ептілігі мен шапшаңдығын көрсетті. Бастысы, жарыс барысында балалар бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара жақсы көңіл-күй сыйлады. Мұнда нәтиже емес, әр баланың белсенді қатысып, өз мүмкіндігін байқап көруі маңызды болды.
«менің көптен бергі арманым – осындай фестивалдердің тұрақты өтіп, барлық баланың бірге қатысуы. Сондай ақ, ата-аналар өз балаларынан ұялмай, керсінше, олардың қабілетін көрсетсе екен деймін. Бүгін балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Көдерінен қуаныш байқалады. Эмоциялары да ерекше. Балалар өте сезімтал келеді. Сондықтан біз оларды жақсы көреміз және ата-аналардың осындай шараларға жиі қатысқанын қалаймыз»
— Кетто Мулюкова, ұйымдастырушы
Фестивалдің екінші күні балалар шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Бағдарлама ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылған сән көрсетілімінен басталды. Бұдан бөлек, қатысушылар сәулет, флористика, аспаздық, сурет салу және шығармашылықтың басқа да бағыттары бойынша өзара бақ сынады. Кеш соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, балалар өз өнерлерін көпшілікке таныстырды.
«Мен «Ұлытау мейірім» қоғамдық қорына ерекше балаларға көңіл бөліп жатқандары үшін аналық алғысымды айтқым келеді. Осындай ерекше балаларға арналған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен деймін. Өзім ерекше баланың анасымын. Бұндай іс-шаралар балаларымызға ерекше әсер етеді, олар өздерінің қоғам үшін маңызды екендерін сезінеді»
— Василя Абдуллаева, ата-ана
Кеш соңында фестивальге қатысқан барлық балаға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


