ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Ұлытау облысында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев мәлімдеді.
Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық даму көрсеткіші 117 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісі 10,8 пайызға өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі үш еседен астам көбейіп, көлік қызметі, сауда және тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері де оң динамика көрсетті. Ал ауыл шаруашылығы өткен жылдың деңгейін сақтап қалды.
Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін жалпы құны 9 миллиард теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба пайдалануға берілмек. Оның бірі - Жаңаарқа ауданындағы көмір байыту фабрикасы, екіншісі - Сәтбаев қаласындағы асфальт-бетон зауыты. Сонымен қатар Сәтбаевта индустриялық аймақ құрылып жатыр. Онда импортты алмастыратын үш өндірісті іске қосып, жүзге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Брифингте агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жұмыстары да сөз болды. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 1,2 миллиард теңгеге 65 жобаны қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ өңірде құны 33,7 миллиард теңгені құрайтын 31 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға бағытталған. Өңір басшылығы бұл бастамалар инвестициялық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


