ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Бүгін өңірге - «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері келіп, жұртшылықпен жүздесу өткізді. Сонымен қатар, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы бірнеше еңбек ұжымымен кездесті. Барлығымен рет-ретімен тарқатайық...
Жаңа Конституция жобасын қолдауды көздеген делегацияны Ұлытау облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Коалиция өкілдері алдымен Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театр ғимаратында халықпен кездесті. Аталған кездесуге депутаттар мен сарапшылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиында Жаңа Конституциядағы білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған нормаларға ерекше назар аударылды. Түзетулер Конституцияның барлық бөлімінің 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84 пайызы жаңартылмақ! Кездесу барысында сөз алған ұлытаулықтар – Ата Заңдағы оң өзгерістерге қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Жиын соңында Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жаңа Конституция жобасының қоғамда кең талқылануы елдегі саяси мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің арта түскенінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
Жезқазған – өндірісті өлке! Сол себепті делегация өкілдері өңірдегі өндіріс ошақтарына арнайы ат басын бұрды. Соның бірі облыс орталығындағы - «Kazkat» зауытының жұмысшыларымен өткен жүздесу.
Кәсіпорын еңбек ұжымының алдында сөз сөйлеген спикерлер - Конституция жобасының негізгі қағидаты – адам құқықтары мен бостандықтары және қауіпсіздігі екенін атап өтті.
Маңызы зор құжат арқылы жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау кепілдіктері де күшейтілмек. Бұдан бөлек Өнеркәсіп саласы үшін еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормалар енгізілген. Аталған өзгерістерді алға тартқан қарапайым еңбек адамдары – Конституциялық реформаларға қолдауларын білдірді.
Коалиция өкілдерінің жұмыс сапары Сәтбаев қаласында жалғасын тапты. Мұнда олар Абай атындағы №4 мектеп лицейінде ұстаздар қауымымен жүздесті.
Жаңа Конституция жобасының негізгі бөлімінде алғаш рет білім мен ғылымға қатысты норма енгізілген. «Бұл ұстаздар мен ғалымдар үшін үлкен кепілдік әрі жауапкершілік» деген мектеп ұжымы да Ата Заңның жаңа жобасын қолдайтындықтарын айтты. Ал, Конституциялық кеңес құрамында осы сала өкілдерінің болуы – ағартушылық бағытының Мемлекет үшін маңыздылығын айқындайды!
Коалиция өкілдерінің Ұлытау облысына жасаған сапары Анненск кен орнында түйінделді. Елдің ертеңі үшін тарихи шешім қабылданатын күні Кеншілер де өз белсенділіктерін танытпақ.
Мұндағы кездесу барысында қатысушылар ірі өндірістік ұжымдар үшін конституциялық реформаның тек саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың күнделікті өмірімен, кәсіпорындардың тұрақтылығымен, еңбек құқықтарының қорғалуымен және ертеңгі күнге деген сеніммен тығыз байланысты шешім екенін атап өтті.
Кездесу соңында кәсіпорын қызметкерлері конституциялық реформаны қолдайтындықтарын жеткізіп, алдағы республикалық референдумда бір кісідей дауыс беретіндіктерін айтты. Айта кетейік, тарихи шешім қабылданатын маңызы зор Референдумға 5 күн қалды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


