Жаңалықтар

«ҰЛЫТАУ ҚҰС» ЖАҢА ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«ҰЛЫТАУ ҚҰС» ЖАҢА ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Өңірде тауық жұмыртқасын өндіретін «Ұлытау Құс» кәсіпорны іске қосылды. Жаңа өндіріс өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға және жергілікті нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.

Жаңа цехтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Болат Жұмабеков, жоба серіктестері, кәсіпорын басшылығы мен еңбек ұжымы қатысты. Олар өндіріс орнын аралап, заманауи жабдықтардың жұмысымен танысты. Нысанның өндірістік қуаты мен кәсіпорынның алдағы даму жоспары да таныстырылды.

Жобаның жалпы құны 455 миллион 629 мың теңгені құрайды. Аумағы 1 мың 454 шаршы метрден асатын цех Қытайда өндірілген заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Жаңа нысанның іске қосылуы өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік берді.

«Төрт ай бойы күрделі жұмыс жүргіздік. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көрсетіп отырмыз. Жаңа цехқа 60 мың құс орналастырылады. Төртінші цех іске қосылғаннан кейін Ұлытау облысының жұмыртқаға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жұмыртқа – әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік өнімдерінің бірі. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы мен мемлекеттік бағдарламалар әр өңірдің негізгі азық-түлік өнімдеріне деген қажеттілігін өз өндірісі арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Біз де осы міндетті ұжымымызбен бірге орындауға күш салып жатырмыз»

— Ринат Ахтямов, «Ulytau kus» құс фабрикасының басшысы

Жаңа цехттың ашылуымен 10 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 50 миллионға жуық жұмыртқа өндіреді. Бұл облыстың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Іс шара соңында өндірістің дамуына үлес қосқан үздік қызметкерлерге алғыс хаттар табысталып, қаржылай сыйақы берілді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты