ҰЛЫТАУ СПОРТЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Қырғызстан Республикасында өткен 6 шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде салған Ұлытаудың ұлы - туған жерге оралды. Таяқ тарту спорты бойынша – қола медальды қанжыға байлаған Нұрсұлтан Есімбайды күтіп алушылар қатарында телеарнамыздың түсірілім тобы да болды...
Қос білектің күшімен қоржынға қола салған Нұрсұлтан Есімбайдың биігі – өңір тынысындағы айтулы оқиға. Спортшыны - Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Нұрсұлтан еңбек ететін – Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің ұжымы және бір топ жанкүйерлер сән салтанатпен қарсы алды...
Нұрсұлтан – шалғайдағы Шеңбер ауылының тумасы. «Шеңберде – шебер де бар, шешен де бар!», - деген аталы сөзді тағы бір мәрте дәлелдеген шымыр жігітке – аталған ауыл жастары ат мінгізіп, айрықша құрмет көрсетті.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде олжа салған оғлан – қоржындағы қоланы алтынға айырбастауға әлі де тынбай еңбек етемін дейді...
Жеңімпаздың ата-аналары мен туыстары ақжарма лебіздерін білдіріп, қуанышты бөліскендерге алғысын айтты.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы – Көшпенділер ойынында үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


