Жаңалықтар

«ҰЛЫТАУ ҮНІ» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

«ҰЛЫТАУ ҮНІ» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Бүгін өңірде 34-ші «Ұлытау үні» фестивалінің жалауы желібіреді.

«Бүгін өңірде үш күнге жоспарланған «Ұлытау үні» фестивалі басталды. Биыл 34-рет өтіп отырған өнер жәрмеңкесі - өңірдің мәдени брендіне айналған! Иә, Ұлытаудың үні - Ұлттың үні!»

Ұлттық өнерді ұлықтаған фестиваль биыл да ауқымын кеңейтті. Үш күн бойы мұнда дәстүрлі ән мен жыр, күй және айтыс өнерінің үздіктері бас қосады. Биылғы шараға еліміздің әр өңірінен 60-қа жуық өнерпаз қатысып отыр. Фестивалдің ашылу салтанатына өңір басшысы арнайы қатысып, өнер жәрмеңкесінің басталуымен құттықтады.

«Ұлытау үні» фестивалі – талай дүлділдің бағын ашып, жұлдызын жаққан өнер бәйгесі. Дәстүрлі түрде өтетін фестиваль аймағымыздың рухани өмірінде айрықша орын иеленеді. Бүгін 34-ші рет жалауын көтергелі отырған, Халықтық өнер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын»

— Есет Байкен, Ұлытау облысының әкімі

Фестивальдің әр байқауы айтулы тұлғалардың мерейтойына арналып отыр. Илья Жақановтың 90 жылдығына – дәстүрлі ән, Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына – мультиаспапшылар, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына – жыршылар байқауы ұйымдастырылса, Жүрсін Ерманның 75 жылдығына арналған ақындар айтысы да өнер мерекесінің шырайын аша түспек.

Фестиваль аясындағы өнер додасының бірі – «Кеңгірдің қоңыр кештері» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы. Биыл бұл байқау қазақтың көрнекті композиторы әрі өнер зерттеушісі Илья Жақановтың 90 жылдығына және алғашқы әнінің жарық көргеніне 70 жыл толуына орай ұйымдастырылуда. Дәстүрлі ән байқауында еліміздің әр өңірінен келген 19 өнерпаз бақ сынады.

СНХ, Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ, қазылар алқасының төреағасы

«Былтыр да болдым қазылар алқасында. Төреаға болдым. Биыл да енді Илья Жақановқа арналып отыр. Былтыр Шәмші Қалдаяқовқа арналған. Бүгінгі байқауға келген әншілерді сұрыптаймыз, бағалаймыз. Әділ бағасын береміз»

Өнерпаздар өзара екі кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде қатысушылар халық әндерін және Илья Жақановтың шығармашылығынан бір ән орындаса, екінші кезеңде халық композиторларының туындылары мен композитордың «Ұлытау» цикліндегі шығармалардың бірін таңдап, көпшілікке ұсынды.

«Ұлытау облысы, Байқоңыр ауылынан осы конкурсқа келдім. Бірінші кезеңде халық әні «Назқоңыр» және І.Жақанов ағамыздың әні «Алматы кешіндені» орындап шықтық. Әділ қазылар мүшесі өз бағасын береді деп ойлаймыз. Қарсыластарымыз өте мықты. Өзіміздің алдымыздағы аға-әпкелеріміз. Жас категориясы әр түрлі»

— Баймырза Аманғали, байқау қатысушысы (Ұлытау облысы)

«Мен бұл конкурсқа Жамбыл облысынан келдім. Жамбыл облысы ол І.Жақанов атамыздың туған жері. Конкурсқа келген қарсыластарға сәттілік тілейміз. Өнерлері үстем болсын дейміз. Дәстүрлі әнді қолдайық, осындай байқауларымыз көп болсын! Бүгінгі байқауға мен өзім халық әні «Қараағаш» әнін алып келдім. Илья атамыздың «Алматы кешінде» деген керемет әнін алып келдім»

— Ернұр Абухас, байқау қатысушысы (Жамбыл облысы)

Дәстүрлі ән байқауының бас жүлдесі Астана қаласынан келген Дәуренбек Сламғалиға бұйырып, өнерпаз 1 миллион теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. Өзге де жүлдегерлер мен дипломанттарға қаржылай сыйақылар табысталды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты