Жаңалықтар

«ҰЛЫТАУ ҮНІ» – ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛЫНА АРНАЛҒАН АЙТЫСПЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«ҰЛЫТАУ ҮНІ» – ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛЫНА АРНАЛҒАН АЙТЫСПЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Сәтбаев қаласында 34-ші республикалық «Ұлытау үні» фестивалі аясында ақындар айтысы өтті. Жыр додасы Қазақстанның халық жазушысы, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналды.

«Айтыс – қазақ халқының рухани мұрасы, ұлттық мәдениеттің алтын арқауы. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл өнер халықтың тарихын, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін дәріптейді»

Ақсүйек өнердің өрісін кеңейтіп, айтыстың дамуына өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз Жүрсін Ерманның мерейтойы ерекше құрметке ұласты. Мерейтой аясында ақынға облыс әкімі мен Ұлытау жұртшылығы атынан жаңа автокөлік сыйға тартылды.

«Жүрсін Ерман ағамыз қазақ мәдениеті мен руханиятында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан тұлға. Ол өзінің шығармашылығымен ғана емес, айтыс өнерін елдік деңгейде дамытуға, ақындардың танылуына, ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына өлшеусіз еңбек сіңірді»

— Бақытжан Жайлаубаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары

Мерейтойға арналған айтысқа еліміздің әр өңірінен 14 шайыр қатысты. Сөз сайысында суырыпсалма ақындар тапқырлық танытып, өзара бақ сынады. Олар Ұлытаудың терең тарихын, қасиетті мекеннің шежіресі мен өңірдің тыныс-тіршілігін жырға қосты. Сонымен қатар, айтыс өнерінің өркендеуіне жол ашқан ұстаздары Жүрсін Ерманның еңбегін, шәкірттеріне көрсеткен қолдауы мен тәлімін де өлеңге арқау етті.

«ВИДЕО: С2250 (өзім қиямын) Ұлытау үні фестивалі біздің бала кезімізден есімізде. Өйткен себебі көршілес, егіз жатқан елміз ғой, Торғай мен Жезқазған. Торғайда да үлкен фестиваль болған. Екім ел бір-біріне келіп қатысып тұратын. Өлеңі де өнері де егіз жатқан елміз ғой. Сондықтан бұл фестиваль маған ыстық. Мен де осы Ұлытау үні фестиваліне бірнеше рет қатысып, жеңімпаз атандым. Биылғы жылы қазақтың мықты-мықты қайраткерлерінің мерейтойларына арналып, өткізіліп жатқан Ұлытау үні фестивалінің дүбірі алашқа жетіп жатыр деп еесептеймін»

— Айбек Қалиев, айтыскер ақын (Қостанай облысы)

«Ұлытау өңірінде өткен айтыстардың осалы болған жоқ, өйткені бұл Ұлытау өңірі – айтыстың астанасы. Президенті Ұлытаудан болғаннан соң бізге Ұлытау айтыстың астанасы сияқты көрінеді. Бұл жерге келген ақындардың бәрі керемет дайындықпен, керемет ізденіспен келеді. Соның айқын дәлелі болып жатыр. Көрермендер де өте керемет. Қарсыласым Ұлытау облысының тумасы Өміржан Көпбосынов, өзімнің құрдасым. Сол құрдасыммен тамаша әзіл айтыс жасадық деп ойлаймыз»

— Иран-Ғайып Күзембаев, айтыскер ақын (Астана қаласы)

«Жер жерді аралап келіп, Жүкеңнің енді ең соңғы демей ақ қояйық, дегенмен, жақсылап осы бір ел болып туған күнін жақсы өткізейікші, елде бір жасайықшы деп Ұлытау үні фестивалінің аясына қойғаны өте қуантады. Өте ауыр болды бүгінгі айтыс. Қатты уайымдадым. Бүгінгі айтыстың тізімі өте мықты ақындар. Ешқандай осал ақын жоқ, бірінен бірі асып жатыр. Бәрі келіп, Жүрсін ағамыздың тойына жырын жолдап, шашу шашып жатқаны қуантады»

— Өміржан Көпбосын, айтыскер ақын (Ұлытау облысы)

Өнер мен руханиятты тоғыстырған 34-ші республикалық «Ұлытау үні» фестивалі аламан айтыспен мәреге жетті. Үш күнге жоспарланған мәдени шараға 60-қа жуық өнерпаз қатысты. Қорытынды кеште Т.Қалмағанбетов атындағы облыстық филармония ұжымы концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.

Аламан айтыс бір ғана кезеңнен болды. Жеті жұп ақын Жез даладағы жағымды жаңалықтар мен түйткілді мәселелерді өрнекті өлең етті. Ал, олардың өнеріне қазылар алқасы әділ баға беріп, кіл жүйріктен – шын жүйрікті анықтады.

«Мен мыңдаған айтыстардың ішінде жүріп, дәл осындай жоғары деңгейдегі айтысты бірінші көруім. Менің өзіме арналғандықтан емес, ең әлеуетті ақындар келді де, керемет айтыс жасады. Елдің кеуілін көтерді, рухын көтерді. Сондықтан әбден риза боп отырмын»

— Жүрсін Ерман, Қазақстанның Халық жазушысы

«Біріншіден, бүгінгі айтыс өте керемет деңдейде өтті. Ақындар өте жақсы дайындықпен келген, бұл ұстазға деген құрметтің белгісі болар. Мықты айтыс өтті. Екіншіден, Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін»

— Ғалым Жайлыбай, қазылар алқасының төрағасы

«Мен қазір көл төгіліп кететіндей, тау сөгіліп кететіндей керемет тебіреніс үстінде тұрмын. Қазақтың абызы, аңызы Жүрсін ағамыздың 75 жылдығына арналған айтыстың, Ұлытау төрінде, Жезқазған жерінде өтіп жатқан айтыстың бас жүлдесін алып жатқаныма сондай қуаныштымын. Ағамызға Алла қуат берсін. Ұйымдастырушыларға осындай керемет сән-салтанаты жарасқан айтыс ұйымдастырғандары үшін алғыс айтамын»

— Рүстем Қайыртай, Бас жүлде иегері (Абай облысы)

Осылайша, руханияттың алтын діңгегіне баланған «Ұлытау үні» фестивалінің 34 ші маусымы қорытындыланды. Бүгінде Ұлытаудың үні – ұлттың үніне айналуда!

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты