ҰЛЫТАУ ЖАСТАРЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚОЛДАЙДЫ

Бүгін Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында «Ұлытау жастары жаңа Конституцияны қолдайды» тақырыбында аймақтық форум өтті. Қала әкімдігі мен «JastarBolashaq» жастар одағы ұйымдастырған шараға бес жүзге жуық студент пен өндірістік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты - жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Осы бағытта жиын барысында спикерлер Конституциядағы маңызды өзгерістерді түсіндіріп, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына ықпалын егжей-тегжейлі баяндады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы референдум - еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі және әрбір азаматқа өз көзқарасын білдіруге берілген мүмкіндік.
Шара ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Студенттер мен өндіріс саласының өкілдері ұсынылған түзетулерді талқылауға белсенді қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер өңірдің басқа да елді мекендерінде өтіп, тұрғындардың маңызды мемлекеттік бастамаларға қатысты пікір алмасуына және қоғамдық талқылауға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


