Жаңалықтар

ҰЛЫТАУДА АГРОСАЛАҒА СЕРПІН БЕРЕТІН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

ҰЛЫТАУДА АГРОСАЛАҒА СЕРПІН БЕРЕТІН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Аймағымызға Шығыс Қазақстан облысынан арнайы делегация келді. 21 адамнан құралған топтың құрамында мемлекеттік органдар өкілдері, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп және экономика саласының мамандары бар. Сапар барысында делегация мүшелері өңірдегі бірқатар мәдени нысандарды аралап, агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Сондай-ақ тараптар өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойды.

Алдымен делегация Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейіне барды. Қонақтарға жаңартылған көрме залдары таныстырылып, онда заманауи экспозициялық шешімдер өңірдің бай тарихи мұрасымен үйлестірілген. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері Ұлытау өлкесінің тарихымен және мәдени құндылықтарымен жан-жақты танысты.

Одан кейін музейдің конференц-залында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған кеңейтілген жиын өтті. Тараптар саладағы озып тәжірибелерімен алмасып, болашағы зор бағыттар мен даму мүмкіндіктерін талқылады. Жиында екі өңір арасында ауыл шаруашлығыв саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екіжақты меморандумға қол қойылды.

Осылайша тараптар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, заманауи технологияларды енгізу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

ОДАН ӘРІ Шығыс Қазақстан облысынан келген делегация Кеңгір ауылындағы «Kengir Agro» кешінінің жұмысын көрді. Аумағы 900 гектардан асатын ірі агрокешен суармалы егіншілік, мал бордақылау алаңы мен сүт фермасын дамыту, сондай-ақ картоп өсіру бағыттарын қатар қамтиды. Жарты жыл ішінде мұнда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жобаға 237 миллион теңге инвестиция салынған. Қазіргі уақытта картоп отырғызу жұмыстары жалғасуда. Жуық арада сыйымдылығы 3 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталады.

Аймақта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Мұнда 5 мыңнан астам ірі қара және 15 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал әкелінген. Алдағы уақытта ірі қара саны 7800 басқа дейін жеткізіледі. Кеңгірдегі агрожобалар ауыл шаруашылығын кешенді дамыту бағытында айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Шығыс Қазақстан облысынан келген делегация бұл тәжірибені өз өңірінде енгізуге ниетті.

Ауыл шаруашылығын дамыту Мемлекет басшысының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Мұндай кездесулер өңірлердің өркендеуіне жол ашып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді әрі елдегі аграрлық саладағы байланыстарды одан әрі күшейтеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты