Жаңалықтар

ҰЛЫТАУЛЫҚ ОҚУШЫ ЖӘУТІКОВ ОЛИМПИДАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

ҰЛЫТАУЛЫҚ ОҚУШЫ ЖӘУТІКОВ ОЛИМПИДАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Ұлытау облысының оқушылары халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бүгін «Білім-инновация» лицейінің оқушысы XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола жүлдеге ие болып, өңірге оралды. Жас зияткерді теміржол вокзалынан ата-анасы мен ұстаздары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қарсы алды.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы 10 –15 қаңтар аралығында Алматы қаласында өтті. Биылғы білім сайысына әлемнің 15 елінен 600-ден астам оқушы қатысты. Олар математика, физика және информатика пәндерінен бақ сынасты. Олимпиада екі кезеңнен тұрды, ал тапсырмаларды халықаралық деңгейдегі білікті мамандардан құралған қазылар алқасы дайындаған. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптың бағдарламасына сәйкес жасалған.Ұлытау облысы атынан қатысқан жеті оқушының бірі — «Білім-инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Елнұр Серікбай информатика пәні бойынша қола медальға қол жеткізді.

Бұл жетістік Елнұр Серікбайдың білім қоржынына салған кезекті жүлдесі. Жас талапкер бұған дейін де халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда өз қабілетін дәлелдеген. Қазір де ол алдағы зияткерлік сайыстарға тыңғылықты дайындық үстінде. Ұстаздарының айтуынша, талантты оқушыны алда әлі талай жеңіс күтіп тұр.

Облыс оқушыларының халықаралық деңгейдегі жетістіктері — ұстаздардың жүйелі еңбегі мен шәкірттердің табандылығының нәтижесі. Мұндай жетістіктер өңірдің беделін арттырып қана қоймай, жастарды ғылым мен технология саласында жаңа белестерді бағындыруға жетелейді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты