ҰЛЫТАУЛЫҚ ШАХМАТШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Ұлытау облысының шахмат тарихында жаңа белес бағындырылды. Жас шахматшы Мақсат Байсалбеков Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы 28-Азия чемпионатында ел мерейін үстем етті. 29 мемлекеттің үздік спортшылары қатысқан дүбірлі додада жерлесіміз 14 жасқа дейінгі санатта рапидтен Азия чемпионы атанып, командалық рапидте алтын, ал классикалық шахматтан командалық сайыста күміс жүлдені иеленді. Осылайша Мақсат құрлық біріншілігін екі алтын және бір күміс медальмен аяқтап, Ұлытау облысынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы ретінде өңір тарихына есімін жазды. Оның жетістігі Қазақстан құрамасының жалпы нәтижесіне де қомақты үлес қосты.
«0109 / / / Мен шахматпен бес жасымнан айналысамын. Алғашқы бапкерім – туған ағам. Ол маған шахматтың негізгі ережелері мен теориясын үйретті. Кейін бұл спортпен тұрақты түрде шұғылданып, жарыстарға қатыса бастадым. Азия чемпионатына ұзақ уақыт дайындалдым. Күніне шамамен 12 сағат жаттығып, әр партияны мұқият талдадық. Мұндай нәтижеге қол жеткіземін деп өзім де ойлаған жоқпын. Әсіресе, рапидтен алтын медаль жеңіп алу мен үшін үлкен қуаныш әрі маңызды жетістік болды. Жарыста ең қиын партиялардың бірі қазақстандық Жарас Алдиярға қарсы өтті. Ол дебютті өте жақсы меңгерген, ойын барысында да мықты қарсылық көрсетті. Бұл жеңіс маған алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге үлкен жігер берді. Ендігі мақсатым - жыл соңына дейін халықаралық рейтингімді 2300 ұпайға жеткізіп, ФИДЕ шебері атағын алу»
— Мақсат Байсалбеков, шахматтан Азия чемпионы
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


