ҰЛЫТАУЛЫҚ СПОРТШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Жерлесіміз Еламан Амангелді Вьетнамның Дананг қаласында өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Құрлық додасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен еркін күрес шебері Азияның ең үздік жас спортшыларының қатарынан көрінді…
Еламан Амангелді - Ұлытау облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі. Ол спорттағы алғашқы қадамын Жезқазған қаласындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастап, кейін Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резерв мектебінде кәсіби тұрғыда шыңдалды. Бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған балуан өңір спорты тарихында да айрықша із қалдырды: ол аймақтан кейінгі 30 жыл ішінде алғаш рет еркін күрестен халықаралық спорт шебері нормативін орындаған спортшы.
Биылғы маусым Еламан Амангелді үшін сәтті басталды. Ол Мадридте өткен халықаралық Гран-при турнирінде күміс жүлде жеңіп алса, Таразда өткен Қазақстан чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленген.
Азия чемпионатындағы бұл нәтиже Еламан Амангелді үшін ересектер деңгейіндегі халықаралық аренаға жол ашты. Азияда күміс күптелген оғланымыз әлемдік деңгейдегі кезекті доданың дайындығына кірісті…
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


