Жаңалықтар

ҰЛЫТАУЛЫҚ СПОРТШЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ҰЛЫТАУЛЫҚ СПОРТШЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Өңір спортының кезекті биігі! Жамбыл облысында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен өткен ел чемпионатында - жерлесіміз Еламан Аманкелді Қазақстан чемпионы атанды. Ұлытаулық палуанды әуежайдан біздің түсірілім тобы да арнайы күтіп алды!

Еламан Аманкелді - Ұлытау өңірінің еркін күрестегі үздік спортшыларының бірі. 13 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келе жатқан ол Жезқазған қаласының олимпиадалық резерв мектебін тәмамдаған. Сондай-ақ, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мектеп-интернат-колледждінің түлегі. Бүгінде ол өңірдің жоғары спорт шеберлігі мектебінде дайындалып, 57 келі салмақ санатында Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.

Жеңістің артында бапкерлері - Данияр Сарсенбаев, Талғат Каримов және Жасұлан Шубайтегінің ұзақ жылғы еңбегі жатыр. Бұған дейін 2025 жылы Алматыда өткен ересектер чемпионатында ол қола медаль жеңіп алса, сол жылдың шілдесінде Мадридтегі халықаралық Гран-при турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізген.

Айта кету керек, Еламан Аманкелді -Ұлытау өңірінен соңғы 34 жылда халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған алғашқы спортшы. Қазір ол келесі маңызды жарыс - Вьетнамда өтетін Азия чемпионатына дайындығын бастады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты