«ҰСТАЗ АЙТСА » РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

Жезқазғанда ұстаздардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын талқылауға арналған республикалық диалог алаңы ұйымдастырылды. «Ұстаз айтса» тақырыбындағы келелі кездесуге «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйытқы болды. Басқосуға мектеп директорлары, мұғалімдер, білім бөлімдерінің өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.
Алдымен он ұстаз «Әділет» партиясының қатарына қабылданып, партияның облыстық филиалы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Одан әрі ашық пікір алмасу форматында ұстаздың қоғамдағы орны, педагог мәртебесі мен білім сапасын арттырудың өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар жас мамандарды қолдау, мұғалімнің кәсіби дамуына жағдай жасау, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндігін теңестіру мәселелерін ортаға салды.
«1439 / Әділет партиясының саяси бағдарламасында адам капиталын дамыту, сапалы білім беру және адам әлеуетін дамыту жалпы партияның бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.Соған сәйкес жалпы қазіргі күні партия мүшелерінің саны 900 мыңнан асты десек, соның көп бөлігін ұстаздар қауымы құрайды.Ұстаздар мектептің жүрегі. Сондықтан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тағы бір мәрте құттықтаймын!»
— Ақжол Құрмансейіт, «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы
Педагогтер өз тәжірибесімен бөлісіп, бүгінгі оқушыға қажетті жағдайды да сөз етті. Баланың психологиялық қауіпсіздігі, тәрбиесі, ұлттық құндылықтар мен жауапкершілікті қалыптастыру, ата-анамен тиімді байланыс орнату және мұғалімнің кәсіби дамуына мүмкіндік жасау мәселелеріне назар аударылды.
«1503 / Бұған қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені бүгінгі алаңнан ұстазға, ұстаздың мәртебесіне, ұстаздың ұлан ғасыр еңбегіне қатысты дүниелерді білдім. Маған енді өзім ауылдық мектепте еңбек еткеннен кейін қала мен ауыл баласының мектептердегі оқушылардың білім дәрежесінде, жетістіктерінде, тәрбиесінде айырмашылық бар ма деген сұрақтар төңірегінде ой қозғадық»
— Кәмшат Омарова, Талап ауылының №14 ЖББМ мұғалімі
Диалог алаңында білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жинақталып, тиісті бағыттар бойынша алдағы жұмыс жоспарына негіз болады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


