Жаңалықтар

ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

Мемлекет басшысының Жарлығымен биология пәнінің мұғалімі Ералиева Гуляйша «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Осыған орай бүгін Жезқазған қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектепте салтанатты шара өтті. Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстазды қала әкімі Қайрат Шайжанов құттықтап, мемлекеттік марапатты табыстады.

Ералиева Гуляйша 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгер қаласында дүниеге келген. Жезқазған педагогикалық институтын биология пәні бойынша үздік дипломмен аяқтаған. Еңбек жолын облыстық жас натуралистер станциясында бастап, кейін білім беру саласында басшылық қызметтер атқарды. 1995 жылдан бері №13 жалпы білім беретін мектепте еңбек етіп келеді. Бүгінде ұстаздың педагогтік еңбек өтілі 49 жыл.

Тәжірибелі педагог - республикалық пән мұғалімдері съезінің делегаты, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің және «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Сондай-ақ «Үздік педагог – 2020» республикалық байқауының облыстық кезеңінде топ жарған. Ол заманауи оқыту тәсілдерін тиімді қолдана отырып, әр оқушының қабілетін ашуға басымдық беретінін айтады.

«0002 / Мен үшін бүгінгі күн тарихи күн немесе тарихи сәт деуіме де болады.Себебі маған табысталып отырған «Ерен еңбегі үшін» медалі-еліміздің болашағы жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына көрсетілген үлкен құрмет.Бұл үлкен қуаныш. Білім саласына айрықша көңіл бөліп,мұғалім мәртебесін көтеріп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымызды білдіреміз.Еліміздің ертеңгі айбыны-бүгінгі білімді ұрпақтың өресімен өлшенеді,сондықтан біз ұлттық мүдде мен жарқын болашақ жолында қызмет ете береміз»

— Гуляйша Ералиева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Қазіргі заман талабына сай білім беруді басты мақсат еткен ұстаздың шәкірттері бүгінде халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. «Ерен еңбегі үшін» медалі - білім саласына сіңірілген табанды еңбектің бағасы.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты