ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ТУРНИРІ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Жезқазғанда Дүниежүзілік үстел теннисі күніне орай ашық облыстық турнир ұйымдастырылды. Екі күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінен келген жүзден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен тартысты бәсеке жайында тілші материалында.
Биыл ашық форматта алғаш рет өткен турнирге Астана, Қызылорда, Арқалық қалаларынан, сондай-ақ Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық ауылынан, Жәйрем кентінен, Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан спортшылар жиналды. Екі күн бойы қатысушылар түрлі санат бойынша бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Турнирдің ерекшелігі - қатысушылардың жас ерекшелігінде. Бұл жолы жарыс алаңына алты жастағы бүлдіршіннен бастап, 75 жастағы қарияға дейін шықты. Жарыс қорытындысы бойынша төрешілер әр санаттағы үздіктерді анықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірде үстел теннисіне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Осындай ашық турнирлер жас таланттарды қолдап, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


