Жаңалықтар

ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Жезқазғанда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. 250-ден астам қатысушы жекелей, жұптық және командалық бәсекеде өзара үздіктерді анықтады.

Бұл үстел теннисінен жасөсіпірімдер арасында өңірімізде өткен алғашқы ел чемпионаты. Байрақты бәсекеде еліміздің 20 өңірінен - 19 команда бақ сынады. Бір аптаға созылған жарыста жас спортшылар әр кезеңде шеберліктерін шыңдап, жеңіс үшін барын салды.

«2011 жылы туған және одан кіші жастағы спортшылар арасындағы чемпионат елімізде алғаш рет өтіп отыр. Жалпы алғанда, жарысқа қатысушылар өз деңгейлерін толық дәлелдеді. Рейтинг бойынша ең мықты спортшылар финалға шығып, онда да жоғары нәтиже көрсетті.Ұлытау облысында үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Жақсы ойыншылар бар, дегенмен әлі де жүйелі дайындық қажет. Қазіргі таңда Жігерде зал ашылды. Енді осы жерде спортшыларды дайындап, болашақта мықты ойыншыларды шығару мүмкіндігі бар. Сондықтан жақын уақытта олар да Қазақстанның ұлттық құрамасын толықтырады деп сенеміз»

— Александр Перевалов, жарыстың бас төрешісі

Үстелде үстемдік көрсету үшін шапшаңдық пен шыдамдылық жеткіліксіз. Білек пен білімді қатар сынайтын спорт бұл. Сондықтан тәртіп пен тактика болмаса жеңіске жету мүмкін емес. Осының бәрін ұштастыра білген Қарағанды облысының теннисшілері командалық жарыста үздік атанды.

«Биылғы жылымыз 2011 жылғылар арасындағы Чемпионаттан басталды. Бұл біз үшін маңызды жарыс. Қарағанды облысының командасы сәтті өнер көрсетіп, екі алтын, екі күміс және екі қола медальға ие болдық. Әрине, бұдан да жақсырақ нәтиже көрсеткіміз келген еді, бүгін финалда есе жіберіп алдық. Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға спорт басқармасына және Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясына жарысты жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс айтамыз»

— Татьяна Ким, үстел теннисінен жаттықтырушы (Қарағанды облысы)

Сайысқа қатысқан жеткіншектердің арасында болашақта кәсіби спортшы болуды мақсат еткендер де аз емес. Мәселен, Қостанай қаласынан келген Жания Бекмұхамбетова үстел теннисін алғаш қолға алған сәттен-ақ жақсы көріп, үлкен арманға жол ашты.

«Мен жарысқа Қостанай қаласынан келдім, жасым 12-де. Нәтижеге көңілім толады, үш алтын медаль жеңіп алдым. Мұндай жарыстарға үнемі қатысып тұрамын. Үстел теннисі маған алғаш барған сәттен бастап ұнады, қазір осы спорт түрімен тұрақты айналысып жүрмін»

— Жания Бекмұхамбетова, ҚР чемпионатында қыздар арасындағы жекелей разрядта 1 орын иегері

Жарыс қорытындысы бойынша үздік спортшылар ұлттық құрама қатарына қабылданды. Олар алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі чемпионаттар мен рейтингтік сайыстарда ел намысын қорғайтын болады. Жасөспірімдер арасындағы келесі ел чемпионаты Павлодар облысында өтеді. Қазақстан 2027 жылы үстел теннисінен алғаш рет Әлем чемпионатын қабылдамақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты