Жаңалықтар

ВАКЦИНАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ВАКЦИНАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Өңірде тұрғындарды маусымдық тұмауға қарсы вакциналау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 9 мыңнан астам адамға профилактикалық екпе салынған.Медицина мамандары тұмаудың алдын алу үшін екпені уақытылы алуға кеңес береді. Бұл әсіресе ауруды ауыр өткеру қаупі жоғары адамдар үшін маңызды Күз мезгілінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуы жиілейді. Олар дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік пен жөтел сияқты белгілермен қатар жүреді. Кей жағдайда тұмау ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар алдын алу шараларын сақтап, алғашқы белгілер байқалғанда дәрігерге қаралуға кеңес береді.

Тұмауға қарсы екпе әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға, егде жастағы азаматтарға, жүкті әйелдер мен балаларға ұсынылады. Себебі оларда инфекцияның ауыр өту және асқыну қаупі жоғары. Екпе алмас бұрын дәрігер кеңесіне жүгініп, денсаулық жағдайын ескеру қажет.

«Тұмауға қарсы вакцинация – вирустық инфекциялардың алдын алудың ең сенімді жолдарының бірі. Ол пневмония сияқты асқынулардың қаупін азайтуға көмектеседі. Вакцина алуға қатысты негізгі қарсы көрсетілімдер жоқ емес, сондықтан әр адамның денсаулық жағдайы ескерілуі керек. Қазір «Жүрек» отбасылық денсаулық орталығында вакцинация белсенді жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға екпенің маңызы туралы ақпарат беріп, күн сайын вакцина алуға шақырамыз. Бүгінде орталығымызда 300-ден астам адам екпе алды»

— Хұдайберген Хұдайбергенов, «Жүрек» ЖШС орталығының дәрігері

Өңірде маусымдық тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары жалғасын табады. Мамандар тұрғындарға вакцинациядан өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға кеңес береді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты