ВАКЦИНАЦИЯ – ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДАН ҚОРҒАНУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Уақытылы екпе алу қауіпті инфекциялардың таралуына жол бермей, ауыр асқынулардың қаупін төмендетеді. Сондай-ақ балалар мен ересектердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Вакцина арқылы алдын алуға болатын бірқатар жұқпалы аурулардың таралуы азайғанымен, өңірде қызылша, көкжөтел және эпидемиялық паротиттің жекелеген жағдайлары әлі де тіркеліп келеді. Қызылшаның соңғы дерегі 2026 жылдың мамыр айында анықталған. Ал көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші былтырғыға қарағанда үш есе төмендеген. Жыл басынан бері эпидемиялық паротиттің бір дерегі анықталған.
Облыста балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту көрсеткіші де төмен деңгейде қалып отыр. Биыл екі жасқа дейінгі 3 627 баланың 2 377-сі қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы екпе алған. Ал алты жастағы 4 359 баланың 2 683-і ревакцинациядан өткен. Мамандар балаларды екпемен уақтылы қамту жұқпалы аурулардың алдын алуда маңызды екенін атап өтті.
Мамандар жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу үшін жоспарлы екпелерді уақытылы алудың маңызын еске салады. Вакцинация инфекциялардың алдын алып қана қоймай, аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін де төмендетеді. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды екпе алу науқанынан шет қалмай, өз денсаулығы мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


