Жаңалықтар

«WORLDSKILLS ULYTAU 2026»

«WORLDSKILLS ULYTAU   2026»

Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «WorldSkills Ulytau - 2026» IV ші аймақтық чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды шараға өңірдегі колледж студенттері, сарапшылар, тәлімгерлер мен техникалық және кәсіптік білім беру саласының өкілдері қатысуда.

WorldSkills - бұл тек жарыс емес, болашақ мамандардың кәсіби қабілетін шыңдайтын маңызды алаң. Мұнда қатысушылар тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік дағдыларын іс жүзінде көрсетеді. Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова чемпионаттың жас мамандар үшін маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» КЕАҚ WorldSkills дамыту басқармасының менеджері Алмас Төлеуов мұндай жарыстардың еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлаудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, WorldSkills қозғалысы жастардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп, олардың заман талабына сай маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Биылғы чемпионатқа облыстағы 11 колледжден келген студенттер қатысуда. Олар кәсіби шеберліктің 30 бағыты бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, техникалық және инженерлік салалар, IT, қызмет көрсету және өндірістік мамандықтар қамтылған.

Аймақтық чемпионат төрт күнге жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушылар кәсіби шеберліктерін көрсетіп, өзара мықтыны анықтайды. Сайыс қорытындысы бойынша үздік атанған жеңімпаздар республикалық кезеңде Ұлытау облысының намысын қорғайтын болады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты