Жаңалықтар

«ЗАМАН БІЗДІКІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПРОЗА БАЙҚАУЫ

«ЗАМАН БІЗДІКІ»   РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПРОЗА БАЙҚАУЫ

Сәтбаев қаласында – Ұлытаудың қос ұлы, жазушы-публицист Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Заман біздікі» атты республикалық проза байқауы қорытындыланды.

Республикалық деңгейдегі проза байқауы өңірде – Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолға алуымен тұңғыш рет өтуде. Еліміздің әр түкпірінен 20 мен 50 жас аралығындағы 57 қаламгер қатысқан байқауда - 14 автордың шығармасы үздік деп танылды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде «Қан жылаған қарағай» шығармасымен қатысқан белгілі жазушы Бейбіт Бөженге бұйырды. Марапаттау рәсімінде аталған туынды желісімен С. Қожамқұлов атындағы облыстық театр ұжымы дайындаған шағын қойылым көптің назарына ұсынылды.

«Бұл конкурстың басталғанын интернет желісінен білдік. Абай бауырымыз, одан кейін басқа да әдеби портал, тағы-тағы да әдеби сайттар жариялады. Негізінен бұл әдейілеп тұрып осы конкурсқа жазылды десем, өтірік айтқан боламын. Бұрында да мұның қаңқасы түсіп тұрған шығарма еді. Бағыты бәрі келіп тұрғаннан кейін жазылды. Мен өзім прозаға келген бетім бір жылдан енді асты. Республикалық деңгейдегі конкурсқа бірінші рет қатысып тұрмын»

— Бейбіт Бөжен, Бас жүлде иегері

Кеш соңында байқау жүлдегерлерінің үздік туындылары топтастырылған «Тұма» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Байқау қос қаламгердің әдеби мұрасын насихаттап қана қоймай, қазіргі қазақ прозасының дамуына серпін беріп, жаңа есімдердің танылуына жол ашуды көздеген.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты