Жаңалықтар

ЗАМАНАУИ «ШАБЫТ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ЗАМАНАУИ «ШАБЫТ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Жезқазғанда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өңірдегі ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі пайдалануға берілді. Бүгін - Қаланың Батыс ауданында Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен бой көтерген «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ресми ашылуы өтті. Құны 4 миллиард теңге болатын орталық қалаға тарту ретінде беріліп отыр.

Жаңа кешен - кейінгі жетпіс жылдан астам уақыт ішінде Жезқазғанда балалардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуына арналған алғашқы заманауи орталық. Жалпы аумағы 2600 шаршы метрден асатын ғимаратта арт-студия, қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, робототехника мен жаратылыстану бағытындағы STEM-аймақ, цифрлық өнер және графикалық дизайн студиясы, фотостудия, музыка сыныптары, шахмат кабинеті мен кең акт залы орналасқан. Мұнда барлығы 14 оқу кабинеті жұмыс істейді. Өңір үшін маңызды нысанның ашылу рәсіміне облыс және қала басшылығы, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, Болат Өтемұратов Қоры мен «Верный Капитал» компаниялар тобының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Ғимаратта медициналық кабинет, коворкинг кеңістігі және қызметкерлерге арналған арнайы аймақтар да қарастырылған. Білім беру инфрақұрылымын дамыту - Болат Өтемұратов Қоры қызметінің басым бағытының бірі. Жобаны іске асыру барысында инклюзивті орта қалыптастыруға да ерекше мән берілген. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін барлық жағдай жасалып, сенсорлық бөлме жабдықталған.

Жаңа орталықтың ашылуы ата-аналар мен балалар үшін үлкен қуаныш. Енді жас жеткіншектер өз қызығушылықтарына қарай бағыт таңдап, шығармашылық қабілетін шыңдап, жаңа білім мен дағдыларды меңгере алады.

«Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырған ірі әлеуметтік жобалардың қатарын толықтырды. Қор соңғы 12 жыл ішінде еліміздің әр өңірінде мектептер мен әлеуметтік нысандардың салынуына қолдау көрсетіп келеді. Ал жаңа шығармашылық орталық жүздеген баланың дарынын дамытып, болашақ мүмкіндіктеріне жол ашатын маңызды білім және тәрбие алаңына айналмақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты