ЖАБЫҚ ҮЛГІДЕГІ ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Ұлытау ауданының орталығында «Ұлар» жабық футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудандық бюджет қаражаты есебінен салынған заманауи спорт нысаны ауыл жастары мен спортшылардың жыл мезгіліне қарамастан тұрақты жаттығу жасауына жол ашуда...
Ұлытау ауданында балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасын табуда. Кейінгі 3 жылдың өзінде ауданда 30-ға жуық спорт нысаны мен көпфункциялы ойын алаңы орнатылған. Бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатын көздеген кезекті жоба құрылысы биылғы жылдың сәуірінде басталып, тамыз айының соңында пайдалануға берілді.
Айта кетейік, өткен жылы осындай жабық футбол алаңдары Терісаққан және Қоскөл ауылдарында салынған. Ал, алдағы уақытта Байқоңыр ауылында бой көтермек. Осылайша аудандағы спорттық инфрақұрылым саласы оң динамикамен даму үстінде...
Салтанатты шарадан кейін жаңа спорт нысанының ашылуына орай шағын футболдан Ұлытау ауданы әкімінің кубогіна арналған облыстық деңгейдегі доп додасы өтті... Турнирге Жезқазған мен Сәтбаев қаласынан және Ұлытау ауданы мен оған қарасты елді-мекендерден 10 нан астам команда жиналды.
Турнир алдын ала тартылған жеребе арқылы топтық кезеңнен басталды. Іріктеу сындарда іркілмей өткен командалар жартылай финалдық ойындарға жолдама алды.
Дода қорытындысында чемпион – Ұлытау ауданының командасы атанды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге сый құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, ерекше ойын өрнегін көрсеткен футболшыларға: «үздік ойыншы», «үздік қорғаушы», «үздік қақпашы» аталымдары табыс етілді.
Мұқағали Сейтқазы, Думан Оразов, «ҰЛЫТАУ» телеарнасы
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


