ЖӘЙРЕМ КЕНТІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП ЖАТЫР

Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кенті облыстағы ең үлкен кенттердің бірі. Тарихы терең, өндірісі өркен жайған бұл мекен бүгінде жаңарып, жаңғырып келеді. Кен өндірумен аты шыққан кенттің әлеуеті артып, әлеуметтік салада да айтарлықтай өзгерістер байқалады. Жәйремнің бүгінгі тыныс-тіршілігімен тілшіміз танысып, тұрғындармен тілдесіп қайтқан еді. Бейнематериалға зер салайық...
Он мыңға жуық халқы бар кенттің тірлігі тәуір, тұрмысы түзу. Көпқабатты үйлердің қасбеттерінің жөнделуі, өрт сөндіру депосының, балалар ойын алаңдарының салынуы, халықтың жылумен толық қамтылуы соның бір дәлелі. Мұның барлығы жергілікті тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып отыр.
Тұрғындар елді мекенде қол қусырып отырған ешкімді көрмейсіз дейді. Барлығы да жұмыспен қамтылған. Ал, кент әкімі 2025 жылы бөлінген қаражаттың әр тиыны осы елді мекеннің дамуы мен көркеюіне жұмсалғанын айтады.
Кент басшысы халық санының да артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен бір жарым жыл бұрын ашылған «Ажар» жекеменшік балабақшасына бастапқыда 125 бала барған болса ,бүгінде тәрбиеленушілер саны 400-ге жуықтаған.
Тұрғындардың демалатын және бос уақыттарын тиімді өткізетін орындардың аздығын ескере отырып, биыл «Жәйрем кентін алғашқы ашушылар» саябағын салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда сметалық құжаттама дайын, жобаның құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Саябақ Асатов көшесінде бой көтермек. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстары жалғасып, кент кіреберісіне сән беретін арка орнату көзделуде. Абаттандыру шаралары да биыл белсенді түрде жүргізіледі.Айтпақшы, Жәйрем әкімдігіне құлаққағыс: тұрғындар бассейн салуды да сұрап отыр.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


