ЖАҢА МАМАНДЫҚ ЖАҢА МҮМКІНДІК

Облыстық Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Массаж ісі» курсын тәмамдаған қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жоба аясында ондаған әйел жаңа мамандық меңгеріп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бастама облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Екі аптаға созылған оқу барысында 30-ға жуық қатысушы массаждың бірнеше түрін меңгерді. Атап айтқанда, лимфодренаждық, аппараттық, отты және бет күтіміне арналған массаж бағыттары қамтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қызмет түрлері бүгінде нарықта жоғары сұранысқа ие.
«2576 ПЕРЕВОД: Бұл курс әйелдердің гранттарға қатысып, жеке кәсіп ашуына мүмкіндік береді. Осындай қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысымызды білдіреміз. Мұндай оқыту тек біздің өңірде ғана емес, Маңғыстау облысында да жүзеге асырылуда»
— Гүлдана Аймағанбетова, «Массаж ісі» курсының кураторы
Бағдарлама аясында әлеуметтік бағыт та қамтылды. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың өтініші ескеріліп, қатысушылар логопедиялық массажды да меңгерді.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар әйелдердің кәсіби дамуына жол ашып қана қоймай, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына да оң әсер етеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


